Жыл басынан бері еліміз бойынша орта білім беру жүйесінің 91 мыңнан астам педагогі тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті,- деп хабарлайды Педагог-KZ министрлікке сілтеме жасап.
Бағдарламалар бастауыш сынып, қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағыттарындағы және дене шынықтыру пәні мұғалімдерін қамтиды. Сондай-ақ, педагогтер инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілік бағыттары бойынша да дәріс тыңдады.
Оның ішінде, 70 мыңға жуық сала маманы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында курстан өтсе, 18 мыңға жуығы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтында оқытылды. Сондай-ақ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығында арнайы тегін курстар ұйымдастырылды.