Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді талдауға арналған жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына еліміздің өңірлерінен педагогтар кірді. Бұл шешім қолданыстағы кейбір бұйрықтардың заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні туралы мұғалімдерден түскен бірқатар өтініштерге байланысты қабылданды, деп хабарлайды Педагог-KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта «педагог-шебер» біліктілік санатын алу үшін мұғалімдер республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеп, тәжірибеге енгізуі тиіс. Аталған бағдарламаларға сараптаманы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы сараптамалық кеңес жүргізеді.
2025 жылы кеңес 875 материалды қарастырған. Соның нәтижесінде 303 авторлық бағдарлама мақұлданып, 572-сі қайта пысықтауға жіберілген. Талдау қорытындылары ұсынылған жұмыстардың әрбір екіншісі мазмұндық және техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін әрі елеулі толықтыруды қажет ететінін көрсеткен.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, авторлық бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі міндетті талап педагогтарға артық жүктеме түсіріп, аттестаттау кезінде формализмнің күшеюіне алып келеді. Сонымен қатар, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында мақұлданған бағдарламалар тізімі жарияланғанымен, бұл материалдар білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмай отыр.
Министрдің сөзінше, педагогтарға қойылатын талаптар олардың нақты кәсіби нәтижелеріне бағытталып, формалды құжат айналымын қысқартуға, шығармашылық әлеуетті тиімді пайдалануға және кәсіби шеберлікті бағалау сапасын арттыруға тиіс.
Осыған байланысты министрлік «педагог-шебер» біліктілік санатын беру талаптары қатарынан авторлық бағдарламаларды әзірлеуді алып тастап, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін әділ әрі нақты бағалауға мүмкіндік беретін баламалы бағалау тетіктерін енгізуді жоспарлап отыр.