Оқу-ағарту министрлігі 3 шілдедегі бұйрықпен педагогтерді аттестаттау қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізді. Жаңа нормалар 21 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Құжатқа сәйкес, біліктілік санаттарын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет цифрлық сервистер арқылы көрсетіледі.
Осылайша, педагогтың үздіксіз кәсіби дамуының «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» санаттарына аттестаттаудан өтуге болады.
«Электрондық үкімет» порталы арқылы «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» санаттарын, сондай-ақ басшылар мен олардың орынбасарларының біліктілік санаттарын беру туралы өтініштер қабылданады.
Аттестаттаудан өту үшін төмендегі құжаттарды ұсыну қажет:
- өтініш;
- білімі туралы диплом (мемлекеттік ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда);
- қайта даярлау курстарынан өткені туралы құжат (болған жағдайда);
- еңбек қызметін растайтын құжат (цифрлық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда);
- біліктілікті арттыру туралы сертификат;
- бұрын берілген біліктілік санаты туралы құжаттар;
- педагогтің кәсіби жетістіктерін растайтын материалдар;
- білім алушылардың жетістіктерін растайтын құжаттар;
- көлемі 250–300 сөзден тұратын эссе.
Бұл ретте жеке басын куәландыратын құжат, білімі және еңбек қызметі туралы мәліметтер «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде сұратылады.
«Педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» санаттарына үміткер педагогтердің құжаттары тікелей «Ұстаз» платформасында қалыптастырылады.
Сонымен қатар, құжатта педагогтердің білімін бағалаудан (ПББ) өткен педагогтардың цифрлық дерекқоры бес жыл бойы сақталатыны бекітілген.
Педагогтарды аттестаттау бұрынғыдай оқу жылында бір рет өткізіледі. Өтініштер білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде қабылданады, ал педагог қызметінің нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау ағымдағы оқу жылының қаңтар–тамыз айлары аралығында жүзеге асырылады.