Педагогтердің мәртебесін нығайту, біліктілігін арттыру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау Оқу-ағарту министрлігі жұмысының басым бағыты болады. Бұл туралы Астана қаласында Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шарада Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты деп хабарлайды Педагог-KZ.
Министр білім саласына қатысты үш негізгі ұстанымын жеткізді.
«Біріншіден, мектепте сапалы, қолданбалы білім берілуі тиіс. Екіншіден, білім жүйесі аясында оқушылардың адамгершілік мен моральдық келбетін қалыптастырудың «Адал азамат» біртұтас тәрбиелік бағдарламасын мазмұнды жүзеге асыруды ары қарай жалғастырамыз. Үшіншіден және ең бастысы, мұғалімнің біліктілігін үздіксіз арттыру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты басымдығымыз болады», – деді министр.
Салтанатты жиында кәсіби жетістіктерге жеткен және оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен педагогтерді «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградаларымен марапатталды.