Сайт бойынша іздеу

ҰБТ-дан 139 балл жинаған оқушы мұғалім мамандығын таңдады

Бөлісу:
zCfxz9TUMI.png
Фото: Наш Костанай

Қостанай қаласындағы мектептердің бірінде оқитын Жанель Тансықпаева түрлі саладағы мың бір мамандықты таңдауға мүмкіндігі бола тұра  болашағын ұстаздықпен байланыстыруды жөн көрді. Ол ағылшын тілі мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, болашақта балалармен жұмыс істеуді армандайды, деп хабарлайды Педагог-KZ  Наш Костанай басылымына сілтеме жасап.

Жанель Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижеге жүйелі дайындық пен тәртіптің арқасында қол жеткізген. Қаңтар айындағы ҰБТ кезеңінде ол 135 балл жинаса, наурыздағы тестілеуде 139 баллға қол жеткізді. Сонымен қатар халықаралық IELTS сертификатын конвертациялау да маңызды рөл атқарды: ағылшын тілін меңгергені үшін түлек автоматты түрде ең жоғары 50 балл алды.

Жанель тестілеуге дайындықты 10-сыныпты аяқтағаннан кейін, шілде айында бастаған. Жыл бойы ол өзіне қолайлы білім беру курстарын іздеп, жеке дайындық жүйесін қалыптастырды. Оның айтуынша, жоғары нәтижеге күнделікті тынымсыз еңбектің арқасында жеткен.

Дайындық кезеңінде оның күн тәртібі қатаң жоспарланған. Жанель таңғы 5:30–6:00-де оянып, мектепке дейін теорияны қайталап немесе тест тапсырмаларын талдап үлгеретін. Сабақтан кейін қайтадан дайындыққа кірісіп, кешкі 9–10-ға дейін практикалық тапсырмалар мен тесттерді орындаған. Ал ұйқыға әдетте кешкі 23:00-ге дейін жатуға тырысқан.

 Жанель әлеуметтік желілерден толықтай бас тартқан — Instagram мен TikTok-ты өшірген. Бұл оған оқуына көбірек уақыт бөліп, мақсатына жетуге барынша назар аударуға мүмкіндік берген.

Жоғары нәтиже мен болашақта түрлі мамандықтарды таңдауға мүмкіндік болғанына қарамастан, Жанель саналы түрде педагог мамандығын таңдаған.

 Ол елордадағы жоғары оқу орындарының біріне ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Жанель бұл таңдауын біліммен бөлісіп, балаларға жаңа мүмкіндіктерді ашуға көмектескісі келетінімен түсіндіреді.

Педагог боламын деген шешіміне ұстазы әсер еткен. Жанель өзінің алғашқы ұстазы Торғын Сапарбекқызы Ибрагимованы сияқты жақсы мұғалім болуды армандағанын айтады.

Алда Жанельді алда мемлекеттік білім гранттарына арналған конкурс күтіп тұр. Қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ нәтижелері ақылы оқуға түсуге мүмкіндік бергенімен, грант конкурсына ұсынылатын негізгі нәтижелер алдағы тестілеу кезеңдерінен кейін анықталады.

Жалпы, түлектер ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады. Жанель олардың екеуінен өтіп, енді келесі негізгі кезеңге дайындалуда.