Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Қазақстанда педагогтердің білімін бағалау рәсімі тоқтатылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасы бойынша мұғалімдердің пәндік білімін тексеру (ОЗП) толықтай тоқтатылды. Тиісті өкім елдің барлық өңірлеріне жолданды.
Бұл маңызды шешім туралы министр өзінің ресми Instagram парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, бұл қадам педагогтардың кәсіби біліктілігін мойындаудың белгісі әрі оларды артық стресс пен бюрократиялық жүктемеден босатуға бағытталған мемлекеттік ұстанымды көрсетеді.
«Құрметті педагогтер! Сіздер үшін қуанышты жаңалығым бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті алынып тасталды. Бұл - өте дұрыс шешім. Менің ойымша, Мемлекет басшысы сіздерге үлкен сенім артып, елеулі қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын», - деді Сүлейменова.
Педагогтардың сұрақтарына жауап бере отырып, министр портфолио мен авторлық бағдарламалардың да алынып тасталатынын нақтылады.