Елімізде білім беру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылғанымен, әлі де мектеп жүйесінде бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар. Бұл туралы Мәжілістің кеңейтілген отырысында депутат Темір Қырықбаев айтты,-деп хабарлайды Педагог - KZ
Депутаттың сөзінше 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркелген. Педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан, бұрынғы заңсыздықтарды айналып өту және жемқорлық тәуекелін тудыру мүмкіндігі сақталуда. Халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет азаймай тұр.
«...Оңтүстік өңірде жұмыссыздық статистикада көрсетілгеннен әлде қайда жоғары. Ауылдық жерлерде мектеп, балабақша, клуб үйінен басқа жұмыс көзі тапшы. Сондықтан мұғалім болуға талпынатындар тым көп. Тіпті лаборант немесе техникалық қызметкер болу үшін де заңсыз ақша беру жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмыстан шықпау үшін жалақысының бір бөлігін беру фактілері туралы да айтылуда. Шынтуайтында, мұғалім – тек білім беруші ғана емес, болашақ ұрпақтың адамгершілік құндылығын қалыптастырушы тұлға. Ал, кәсіби біліктілігі төмен мамандардың, тіпті заңсыз жолмен жұмысқа орналасқандардың сабақ беруі білім жүйесіндегі адалдық пен кәсіби этиканың бұзылуына әкелетіні анық. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген еді. Ендеше, білім саласындағы былықтарды жою үшін «мінез» танытатын кез келді »,- деді депутат.
Мәселені шешу үшін бірнеше нақты ұсыныс айтылды.
«Бірінші, электрондық мектеп» сынды электрондық жүйелерді енгізіп, білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды тездету. Екіншіден, жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету. Үшініші қоғамдық бақылауды күшейту. Яғни, ата-аналар комитеті және басқа қоғамдық ұйымдардың білім беру процесіне және қаржылық қызметке қатысуын кеңейту,-деді депутат Темір Қырықбаев