Сайт бойынша іздеу

Енді мектеп күзетшілері қару ұстай алады

Бөлісу:
a58CIhHDLB.jpg

Қазақстанда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп күзетшілері үшін бірыңғай талаптар бекіді, деп хабарлайды Педагог- KZ

Бұл туралы вице-премьер Ермек Көшербаевтың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Премьер-министрдің тапсырмасымен күзет қызметтерін сатып алу бойынша типтік конкурстық құжаттама әзірленген. Онда күзетшілерді іріктеудің нақты критерийлері, біліктілік деңгейі, инженерлік-техникалық жабдығының бар-жоғы сияқты талаптар қамтылған.

Мектеп күзетшілеріне мынадай талаптар қойылған?

күзетшілердің жасы – 25 жастан 50 жасқа дейін;

арнайы дайындығы болуы;

қарумен жүруге және пайдалануға лицензиясы;

сотталмаған болуы;

кеңсесі болуы;

жедел әрекет ететін кем дегенде 2 тобы болуы шарт.

Сонымен қатар мектептерде төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмдері бекітілген. Оған сәйкес жылына кемінде екі рет міндетті түрде теориялық және практикалық сабақтар өтеді. Іс-шараға төтенше жағдайлар және ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері де қатысады.

Үкіметтің ақпаратынша, қазір 6,6 мың балабақша, 6,6 мың мектеп пен 700 колледж қауіпсіздік жабдығымен жабдықталған. Сонымен қатар балабақша мен мектептерге лицензияланған күзет ұйымдары тартылған. Бүгінде 6,9 мыңнан астам нысанда лицензияланған күзет жұмыс істейді. 

Бұған қоса білім беру мекемелерінде полицияның Жедел басқару орталығына қосылған цифрлық бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл камераларда жазылып қалған ақпарат отыз тәулікке дейін сақталады. 2022 жылдан бері 20 мың білім беру ұйымында дәл осындай 220 мыңнан астам камера орнатылған.