Сайт бойынша іздеу

Педагогтардың құқықтарының сақталуын талап етемін - министр

Бөлісу:
1ji86F7fC0.jpg
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметі

Білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған жиында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Педагог-KZ.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын дамытуға, ұстаздардың қоғамдағы рөлін көтеруге басымдық беруде. Осы бағытта ол педагогтерге қамқорлық танытуды, құқықтарын қорғауды тапсырды. Өздеріңізге белгілі, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі» туралы Заңға өзгерістер енгізілуде. Өңірлердегі ұстаздардан министрлікке міндетінен тыс жұмыстар жүктеу туралы арыз-шағымдар жиі түседі. Сондықтан, әріптестеріміздің заңда нақты көрсетілген құқықтарының сақталуын талап етемін. Педагогтің міндеті – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру», - деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

Еске сала кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен білім беру саласының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өңірлік және аудандық білім басқармалары мен бөлімдердің және аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері басшыларының қатысуымен жиналыс өтті.

Жиын қорытындысы бойынша Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі білім басқармалары мен департамент басшыларына білім сапасын қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту, педагогтердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу, қоғаммен ашық диалогта жұмыс жасау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.