Сайт бойынша іздеу

Үкімет басшысы жекеменшік мектептер мәселесіне қатысты жиын өткізді

Бөлісу:
yBCGK09krK.jpg
Фото: https://t.me/KZgovernment

Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерге қатысты заңбұзушылықтарды анықтады. Мысалы, 745 мектептің 155-і кіріс көзін көрсетпеген, - деп хабарлайды Педагог-KZ Үкіметтің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес», - делінген хабарламада.

Мысалы, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бір мектеп құжаттарында "тойхана" ретінде, ал Шымкенттегі мектеп "сауда орталығы" ретінде көрсетілген.

 Сонымен қатар, 64 мектепте оқушылар саны жобалық қуаттан екі есе артық болып шыққан. Алматы облысындағы 60 орындық мектепке іс жүзінде 702 оқушы қабылданса, Астанадағы 241 орынға қарастырылған мектепте 1003 оқушы тіркелген. 

Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.

Бұл мәселелер Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жан басына қарай қаржыландыру қағидасы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік мектептерді қаржыландыруды жетілдіру және әлеуметтік қолдау жүйесін жақсарту жөніндегі жиында қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша, премьер-министр Қаржы министрлігіне, Оқу-ағарту министрлігімен және «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесе отырып, 2025 жылдың соңына дейін барлық жекеменшік мектептерді толық цифрландыруды, деректерді OrtaBilim сервисіне интеграциялауды және шығындардың мақсатқа сәйкестігін тұрақты бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қаржы министрі Мәди Такиев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Қараша айында e-Qazyna.kz порталында OrtaBilim сервисі іске қосылды. Жүйе оқушылар саны мен контингентін, рұқсат құжаттарын және басқа да деректерді автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді.

«Сервис білім беру саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді біріктіреді, мектептер мен мұғалімдерге жүктемені бақылауды жеңілдетеді және мақсатсыз шығындарды азайтуға көмектеседі. Бүгінгі таңда 86% мектеп авторизациядан өтіп, пайдаланушы келісіміне қол қойды. Қаржы министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп директорларға қаржыландыру жүйесінің өзгерісі жөнінде түсіндіру семинарларын өткізуде», — делінген премьер-миинстрдің Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

2026 жылдың қаңтарынан бастап барлық жекеменшік мектептердің қызметі жаңа ақпараттық жүйемен қатаң бақыланатын болады. Алдағы уақытта сервиске білім беру саласындағы барлық мемлекеттік қаржыландыру, мемлекеттік тапсырыстар, гранттар, стипендиялар және жатақхана орындары  интеграцияланады.