«Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында қазақ тілінде сабақ беретін 112 педагог Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының арнайы сертификатын алды, - деп хабарлайды Педагог-KZ «Отандастар» қорына сілтеме жасап.
Бір аптаға созылған оқу бағдарламасы пән мен тілді кіріктіре оқыту (CLIL) тәсілін, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың заманауи әдістерін, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануды қамтыған.
Бүгін тараптар бірлескен жұмысты қорытындылау үшін бейнебайланыс арқылы бас қосып, жобаның стратегиялық маңызын өтап өтті.
«Кездесуде Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова шетелдегі қазақ диаспорасы арасында қазақ тілі, әдебиеті және мәдениетін ілгерілетудегі бұл жобаның маңызына ерекше тоқталды. Ал Баян-Өлгий аймағының Білім басқармасының басшысы Ням Очир өз сөзінде бірлескен жұмыстың жоғары әлеуетіне тоқталып, педагогтерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ ол жасанды интеллектті білім беру саласына енгізу бойынша қазақстандық тәжірибемен бөліскен тренерлерге алғыс білдірді» ,- делінген ақпаратта.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – шетелде қазақ тілінде білім беретін педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және әдістемелік қолдау көрсету.