Солтүстік өңірдегі педагог кадрлар тапшылығын жою мақсатында Астанада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Білім беру институты ашылды, – деп хабарлайды Педагог-KZ аталған оқу орнына сілтеме жасап.
Оқу ордасында 400-ден астам студент білім алады. Олардың басым бөлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган грантының иегерлері.
Студенттер оқу орны мен қала әкімдігі арасындағы меморандум негізінде елорда мектептерінде тәжірибеден өтеді.
Білім ошағында 9 білім беру бағдарламасы бойынша 400-ден астам студент оқиды. Олардың 288-і мемлекеттік грант негізінде оқыса, 133-і Астана қаласы әкімінің гранты бойынша білім алуда.
Оқу бағыттары арасында ақпараттық, математика, жаратылыстану, психология және аса сұранысқа ие арнайы педагогикалық мамандықтар – дефектология, логопедия, тифлопедагогика, сурдопедагогика және т.б. бар.
Оқытушы-профессорлар құрамында 3 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты және 2 PhD дәрежесіне ие ғалым, жалпы саны 31 тәжірибелі маман қызмет атқаруда.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті таратқан ақпаратта республика бойынша 70 мыңнан аса гуманитарлық, бастауыш, жаратылыстану және математика пәндерінің мұғалімдері тапшы екені айтылған. Алдағы он жылда білім саласындағы маман қажеттілігі 447 мыңға жетпек.