Сайт бойынша іздеу

Білім саласында бірқатар жүйелі проблемалар бар - Президент

Бөлісу:
4RNyjeKnPp.jpg
Фото: Ақорда

Білім саласында бірқатар жүйелі проблемалар бар. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

 «Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Олар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға да, мемлекеттің мектептер мен жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктеріне де қатысты. Білім саласындағы «экономизация», яғни қаржыны текке шашпай, жүйелі жұмсау үдерісін жалғастырған жөн»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін түбегейлі арттыруға баса мән беру қажеттігін атап өтті.

  «Маман даярлау ісі экономиканың нақты секторларында жасанды интеллекті мен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай отыр. Оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, мамандықтар өзгеріп кетіп жатыр. Демек жай ғана IT-мамандардың санын көбейту және жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз. Елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана білетін кәсіби мамандар қажет. Олар нақты жұмыс орындарындағы еңбек өнімділігін арттырады»,- деді Мемлекет басшысы.

  Бұл ретте  Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырды.

«Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі. Өз кезегінде, Үкімет ережелерді айқындап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, тиімді шешімдерді жаппай таратуға көмектесе алады»,- деді Президент.