Сайт бойынша іздеу

Инфляция қазақстандық педагогтардың табысын құнсыздандырып жатыр

Бөлісу:
gR6gffkd5t.jpg
Фото из открытых источников

Қазақстанда мұғалімдердің атаулы жалақысы өсіп жатқанымен, олардың нақты табысы төмендеп келеді. Бұл туралы Педагог-KZ порталы Finprom.kz деректеріне сүйеніп хабарлайды. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдан бері педагогтардың нақты жалақы индексі 100%-ға жетпей отыр. Яғни қағаз жүзінде еңбекақы өссе де, оған сатып алуға болатын тауар мен қызмет көлемі азайған.

Finprom.kz деректері бойынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында білім беру саласындағы атаулы жалақы жылдық мәнде 7,1%-ға өсіп, орташа есеппен 337,7 мың теңгені құрады. Алайда оның сатып алу қабілеті 3%-ға төмендеген: нақты жалақы индексі 97%-ға тең болды.

Көпжылдық талдау көрсеткендей, мұғалімдердің жағдайы тек білім саласындағы кадрлық саясат «қолмен басқарылған» кезеңде ғана жақсарған. Бұл, әсіресе, пандемия жылдарына тән құбылыс: 2020 жылы білім саласындағы атаулы жалақы 31%-ға артқан, ал жалпы экономикада өсім бар болғаны 14% болған.

2021 жылы да жағдай ұқсас еді: педагогтардың жалақысы 24,1%-ға көтерілсе, ел экономикасы бойынша орташа өсім 17,5%-ды құрады. Кейінгі жылдары ұстаздар, тәрбиешілер мен оқытушылардың еңбекақысы жалпы экономикалық қарқынмен немесе одан да баяу өсіп отырды. Ал инфляция тоқтаған жоқ. Соның салдарынан мұғалімдердің нақты табысы біртіндеп азайды.

Айта кетсек, білім беру саласының барлық сегментінде жағдай бірдей емес. 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында жоғары оқу орындары оқытушыларының сатып алу қабілеті 5,8%-ға, балабақша тәрбиешілерінікі – 1,3%-ға, бастауыш сынып мұғалімдерінің табысы – 0,5%-ға артқан.
Алайда орта буын мұғалімдерінің нақты жалақысы керісінше 4,1%-ға төмендеді. Бұл үрдіс педагогтардың бірнеше жылдан бері нақты табысы азайып келе жатқанын көрсетеді.