Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай еліміздегі жол апаттарының қауіпті деңгейін назарға алып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жол қозғалысы қауіпсіздігі сабақтарын мектеп бағдарламасына енгізу туралы сауал жолдады, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Депутаттың айтуынша, елімізде жол-көлік оқиғалары жыл сайын көбейіп келеді, және олардың салдарынан көптеген отбасы қара жамылып отыр. ҚР Бас прокуратурасының статистикасына сүйенсек, 2025 жылы 36 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, 2,3 мыңнан астам адам қаза тапқан, ал 49,2 мыңға жуық азамат жарақат алған. Бұл қатарда жүзден астам адам мүгедек болып қалған, олардың ішінде балалар мен жасөспірімдер де бар.
Депутаттық сауалында үш нақты ұсынысты алға тартты:
- Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектептерінде оқушылар үшін «Авто ісі және жол қозғалысы қауіпсіздігі» атты факультативтік курсты жаппай енгізу;
- Түрлі цифрлық қосымшалар арқылы қалааралық такси қызметін көрсететін тұлғаларды анықтап, оларға тасымалдаушы лицензиясын беру, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, еңбек және демалыс режимін сақтауды бақылау, қажет болса жолаушыларды да тиісті деңгейде сақтандыруды цифрлық агрегаторлар арқылы жүзеге асыру;
- Жүргізуші куәлігін беру мақсатында қызмет көрсететін білім беру орталықтарының жұмысын күшейтілген тәртіпте қадағалап, олардың жол қозғалысы ережелерін оқыту барысында қоғамдық өмір үшін аса маңызды жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруына басымдық беру.
Депутат атап көрсеткендей, бұл шаралар тек қағаз жүзінде есептер жасау емес, адам өмірін нақты сақтау үшін қажет. «Адам — ең жоғары құндылық. Сондықтан өмірді қорғау - мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болуы тиіс», - деді ол.