Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылы педагогтердің жалақысының өсуі мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Ведомство атап өткендей, 2023 жылы барлық педагогтердің жалақысы 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 100%-ға, ал мектепке дейінгі тәрбиешілердің жалақысы 130%-ға өскен, деп хабарлайды Педагог-KZ BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарының лауазымдық жалақылары төрт жыл қатарынан жыл сайын 25%-ға көтерілді. Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілер мен мектепке дейінгі білім педагогтерінің жалақысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 30%-ға артты», — делінген министрлік жауабында.
Осылайша, министрліктің мәліметі бойынша, 2023 жылы барлық педагогтердің жалақысы 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 100%-ға, ал мектепке дейінгі білім педагогтерінің жалақысы 130%-ға өскен. Ал, 2026 жылы педагогтардың жалақысы өсе ме, өспей ме деген сауалға министрлік нақты жауап бермеген.
«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 73-бабына сәйкес, мемлекеттік бюджеттен шығыстарды ұлғайту көзделген нормативтік құқықтық актілер жобалары міндетті түрде Республикалық бюджет комиссиясында қаралуы тиіс», — делінген жауапта.
Яғни, 2026 жылы мұғалімдердің жалақысын қатысты жаңалық тек бюджет комиссиясында қаралғаннан кейін ғана белгілі болады.