TALIS 2024 халықаралық зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстан педагогтардың еңбегін бағалау бойынша әлем елдерінің арасында екінші орында. Бұл туралы академиялық адалдық лигасының «Адал білім – адал ұрпақ» республикалық форумында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты,- деп хабарлайды Педагог-KZ.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова білім саласын инфрақұрылымдық, сапалық, мазмұндық жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру, академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытындағы негізгі жұмыстарға тоқталды.
«Қазіргі уақытта педагогтер мен оқушылар арасында жасанды интеллектті тиімді қолдану мәдениетін қалыптастыру, адалдық қағидаттарын сақтау және бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу өзекті мәселе. Академиялық адалдықты нығайту, оны жаңа технологиялар дәуіріндегі білім беру үдерісінің өзегіне айналдыру – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Себебі, ол – білім сапасының, жауапты азамат қалыптастырудың және елдің болашақ дамуының негізгі тірегі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Форум аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Академиялық адалдық лигасы арасында академиялық адалдықты дамытуды қарастыратын меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, меморандумды іске асырудың 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.