Сайт бойынша іздеу

ШҚО-да 29 педагог сотқа жүгініп, аттестациялық комиссияның шешімі өзгертілді

Бөлісу:
me7NhaRAsr.jpg
Фото: Фото: infor.kz

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мұғалімдердің санатын төмендету заңсыз деген қорытындыға келіп, Білім басқармасына оларды «педагог-зерттеуші» біліктілік санатына сәйкес деп тануды міндеттеді. Сот шешімін орындауға бір ай уақыт берілді, деп хабарлайды Педагог-KZ inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар, сот заңдылықтың бұзылуына байланысты Оқу-ағарту министрлігіне жеке ұйғарым шығарды. Атап айтқанда, аттестациялық комиссия отырысының хаттамасынан үзінділер педагогтардың жеке кабинетіне немесе электрондық поштасына жіберілмеген.

Педагогтардың аттестацияға ұсынған портфолиолары комиссия тарапынан қаңтар-тамыз аралығында емес, 2025 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында қаралған. Сондай-ақ білім басқармасы аудио-бейнежазбаның бір бөлігін, яғни тек комиссия мүшелері аттестация нәтижелері бойынша дауыс беріп отырған жазбаны ғана ұсынған.

«Бұл ретте аталған нәтижелердің нақты осы педагогтарға қатысты екенін анықтау мүмкін емес, себебі педагогтардың тегі, аты-жөні айтылмаған. Сондай-ақ ұсынылған аудио және бейнежазбада педагогтардың материалдарын (портфолиосын) қарау барысы тіркелмеген, бұл дәлелдің дауға қатыстылығына күмән келтіреді», – делінген сот шешімінде.

Білім басқармасына 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қараша айында педагогтар аттестация қорытындыларына наразылық білдірген болатын. Нәтижесінде шамамен 200 маман өз санаттарын растай алмай, «педагог-сарапшы» деңгейіне дейін төмендетілген және санаты үшін берілген соңғы 3 айдағы үстемеақыны қайтарып беруі керек болған.