Әлеуметтік желіде Алматы облысының Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде ұстазға жұдырық ала жүгірген оқушының видеосы тарады. Оқиғаға қатысты облыс әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды Педагог-KZ tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Желіде оқушының мектеп аумағында мұғалімге күш көрсеткені сәті түсірілген видео тарады.
Жарияланым авторларының айтуынша, жанжал кезекші мұғалімнің жоғары сынып оқушысын сабақ кезінде мектептен шығармағанынан кейін басталған. Төбелес салдарынан педагог ауыр жарақат алғаны айтылған.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылдың қаңтар айында «Жаңа қазақ орта мектебінде» болған. Видеода 11-сынып оқушысы түсірілген.
«Алдын ала мәлімет бойынша, мұғалім оған ескерту жасап, оқу процесіне қатысу үшін сыныпқа кіруді талап еткен. Оқушы бұл талаптарды агрессивті түрде қабылдап, педагогқа қатысты құқыққа қайшы, оның ішінде бұзақылық әрекеттер жасаған», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігінде полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, содан кейін оқушының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Tengrinews.kz порталының мәліметінше, Алматы облысының полициясы оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Алайда іс қай бап бойынша қозғалғаны әзірге жарияланған жоқ.