Еңбек инспекциясы Семейдің орталық алаңында жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде құлап бас сүйегі сынған мұғалімі Қуат Айтқалиевке қатысты арнайы тексеру аяқталғанын жариялады. Бұл туралы Semei телеарнасына сілтеме жасап Педагог – KZ хабарлайды.
Комиссия бұл жазатайым оқиғаның жұмыс берушінің яғни мектеп директорының тапсырмасы бойынша орындалғанын растады.
«Бұл жерде қызметкер Қуат Айтқалиевтің кінәсі жоқ, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз. Оның жазатайым оқиғаға байланысты жоғалтқан еңбекақысы түгел төленіп жатыр. Егер емделу ақылы болса оның шығындары толығымен өтеледі», - деді Абай облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.
Бұл тексеру қорытындысы әрі қарай тиісті шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі.
«Бұл жерде акті жасалды. Тиісті құжаттардың барлығы толтырылды. Енді материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Өйткені Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша жұмысберуші еңбекті қорғау қағидаларын бұзса оған жауапкершілік қарастырылған», - дейді Тоқтарбек Түсіпбаев.
Қазір Қуат Айтқалиев үйінде, әлі ұзақ уақыт ем қабылдауы керек. Жұмыс істеуге денсаулығы жарамсыз. Ал моральдық шығын тек сот шешімі шыққан соң ғана өндіріледі.