Облыс әкімінің өкімімен Қайрат Ізбасарұлы Жұманов Алматы облысы білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Бұл туралы Аймақ әкімінің баспасөз хатшысы хабарлады.
Қайрат Ізбасарұлы 1989 жылы туған. Жоғары білімді. 2010 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Психология» мамандығы бойынша, 2012 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2018 жылы «Тұран» университетінде «Құқықтану» мамандығын, ал 2021 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Іскерлік әкімшілендіру» мамандығын игерген.
Еңбек жолын 2009 жылы Алматы қаласындағы №105 гимназияда педагог-психолог болып бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Білім басқармасының Бостандық аудандық білім бөлімінде бас маман, бөлім басшысы, Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігі аппаратының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары, сондай-ақ Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.
2025 жылдың сәуір айынан бастап Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінде болған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы білім басқармасын Арайлым Төлеубекова басқарған. Ол бұл қызметте алты ай жұмыс істеді.