Журналист Есенбек Санатұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылы мектебін бір директордың шамамен 30 жылға жуық басқарып отырғанын жазып, білім ордасындағы заңсыздықтарға назар аударды, деп хабарлайды Педагог-KZ.
«Жуырда Павлодар облысының прокуратурасы өңірдегі бірқатар мектептерде 10 жылдан аса бір орында отырған директорлар бар деген ақпарат таратты. Он жыл деген ойыншық-ау. Бізде 30 жылға жуық мектеп креслосынан кетпей отырғандар бар. Мәселен, Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылы мектебінің директоры Абулгазинов Мухаммед-Али Шайби-Насрединович»,- деді журналист жазбасында.
Есенбек Санатұлы директордың аты-жөні түрлі дереккөздерде әрқалай көрсетілетінін де атап өтеді. Білім бөлімінің сайтында ол Абылғазинов Әли Нәскенұлы деп көрсетілсе, ADATA деректер базасында Абулгазинов Мухаммед-Али Шайби-Насрединович болып тіркелген.
Жазбада мектептегі еңбек жағдайына қатысты мұғалімдердің шағымдары да келтіріледі. Айтуынша, былтырдың өзінде 14 жас мұғалім жұмыстан кеткен, ұжымда зейнет жасындағы педагогтар көп, ал «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптары толық сақталмайды. Мұғалімдер сабақ жүктемесіне қарамастан, таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін мектепте болуға мәжбүр.
Журналист дерегінше, мектепте мұғалімдерден қаржы жиналады, ер мұғалімдер директордың үйіндегі және мектеп ауласындағы қара жұмысқа тартылады, 62 оқушы қаладағы басқа мектептерге ауысқан.
«Мұның бәрін мен ойдан шығарып отырған жоқпын. Бұрын істеп кеткен және қазір қызмет ететін педагогтар айтты. Олар эфирге шығуға қорқады. Өйткені, Шайби-Насрединович «қолым ұзын» деп қорқытады екен. «Мен айтсам еш жерде сендерді жұмысқа алмайды» деп жасытып тастаған. Сол себепті ватсапқа жіберген жазбалардың бірқатарын осында салайын. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова соңғы кездегі сіздің «Мектеп директорларының мерзімі екі жыл болу керек» деген бастамаңыз Павлодарға керек-ақ. Осыншама жылда ротация жасалмау деген басқа облыстарда жоқ шығар. Павлодар қаласында елуге жуық мектеп бар. Мойылды мектебі солардың бірі. Осыдан кейін құқық қорғау органдары Мойылды мектебіне тексеру жүргізу қажет деп есептеймін», - деп жазды журналист.