Сайт бойынша іздеу

Келешек мектептерінің директорлары мен орынбасарлары НЗМ мен БИЛ базасында курстан өтуде

Бөлісу:
XYe6iNbWb1.jpg
Фото: https://t.me/oqu_agartu

Қаңтардың 5–8 аралығында еліміздің барлық өңірлерінде Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ) мен «Білім-инновация» лицейлері (БИЛ) базасында педагогтерге арналған біліктілікті арттыру курстары мен мастер-кластар ұйымдастырылуда. Оған «Келешек мектептері» жобасына кіретін мектептердің директорлары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ 170 мектептен физика, химия, биология, информатика пәндерінің мұғалімдері, STEM бағытындағы педагогтер мен робототехника оқытушыларын қоса алғанда, шамамен 1700 педагог қатысуда, деп хабарлайды Педагог-KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Семинарлар еліміздің барлық 20 өңірінде өткізіліп, «Заманауи мектеп зертханасы. Мұғалімге арналған практикалық дағдылар» және «Тәрбие экожүйесі. Практикалық шешімдер» тақырыптарына арналған.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 460 мыңнан астам оқушыға арналған 217 мектеп салынды, оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Бүгінгі таңда 170 мектепте оқу процесі басталды. Жаңа мектептер типтік ғимараттармен салыстырғанда аумағы 15–20 пайызға кең, техникалық жабдықталу деңгейі жоғары. Жобадағы барлық мектептер физика, химия және биология кабинеттерімен, STEM және робототехника зертханаларымен, еңбекке баулу шеберханаларымен, музыка және хореография залдарымен, коворкинг кеңістіктерімен және спорт залдарымен толық жабдықталған.