Қараша айында Ата-аналар комитеттерінің алғашқы республикалық форумы өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігің баспасөз-қызметіне сілтеме жасап Педагог-KZ хабарлайды.
Биыл Шымкент қаласы педагогтарының тамыз кеңесіне ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, жаңа оқу жылының жаңашылдықтары туралы айтып берді.
Министр өз сөзінде 2025–2026 оқу жылында енгізілетін бірқатар жаңалықтарға жеке тоқталды. Атап айтқанда, «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Орта білім беру жүйесінде AI-ды қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курстары, педагогтерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленді.
Маңызды бағыттардың бірі – ата-аналар комитеттерінің жұмысын қайта қарау. Қараша айында Ата-аналар комитеттерінің алғашқы республикалық форумы өтеді. Бұл жаңа алаң «мектеп – ата-ана – қоғам» үштағаны аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде ішкі безендіруді бойынша бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңмен енгізілмек. Бүгінде 100-ден астам жаңа «Келешек мектептері» бекітілген брендбук негізінде салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл стиль 1300 мектептің жөндеу жұмыстары барысында да қолданылады. Келешекте дизайн-код елдегі барлық білім беру ұйымдарын қамтитын болады.
Конференция соңында министр 25 педагогке ведомстволық марапаттар табыстады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында білім беру ұйымдарының техникалық қызметкерлеріне ерекше назар аударылып, олар алғаш рет адал еңбегі мен Шымкенттегі білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды.