Сайт бойынша іздеу

Магистр дәрежесі бар педагогтардың үлесі үш есе артқан

Бөлісу:
hp0dPxnmD7.jpg
Фото: https://t.me/oqu_agartu

Мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылып, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды. Ал магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі үш есе өсіп, 11%-ды құрады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Педагог-KZ хабарлайды.

Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің қорытындылары жарияланды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының арқасында Қазақстан мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына енді. 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Бүгінде еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын мәлімдеп, кәсіби қанағаттанудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр», – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ министрліктің мәліметінше 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң саладағы көптеген мәселені шешуге сеп болған. 

«Мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылып, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30%-ға артты. Бұл шаралар педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті – бала оқыту мен кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасады. Нәтижесінде магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі үш есе өсіп, 11%-ды құрады», – делінген ақпаратта.

Айта кету керек, магистр дәрежесі бар мұғалімдердің саны 28 мыңға жуықтағанын және бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш екенін біз жазған болатынбыз.