Қазақстанда 490 мектеп директоры жетіспейді және бұл мәселе тікелей білім сапасына әсер етеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды,- деп хабарлайды Педагог-KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектеп директорлары әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жетіспейді.
Бұдан бөлек, 2025 жылы директор лауазымына үміткерлердің тек 21%-ы тестілеуден сәтті өткен. Мәселені шешу үшін жиында мектеп директорлары жетіспейтін өңірлерге басқа аймақтардан мамандар тарту мәселесі қаралған.
Министрлік ақпаратына сай, салалық менеджерлер мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі мектептердегі білім сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі.
Мектеп директорларының басқарушылық дағдыларының төмендігі білім жүйесінің сапасына тікелей әсер етуде. Оған қоса мектеп ішіндегі корпоративті мәдениеттің төмендеуіне әкеліп соғуда, мұндай мектептерде мұғалімдердің мазасы қашып, орталыққа хат жазуы жиілеп кеткен,- делінген ақпаратта.
Жиын қорытындысы бойынша, білім басқармалары басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.
Айта кету керек, СҚО -да әрбір оныншы мектепте директор лауазымы бос тұрғаны туралы біз жуырда жазған болатынбыз. Осындай жағдай теріскейдегі өзге де облыстарда бар. Негізгі себептердің бірі ретінде жалықының аздығы мен тестілеу мәселесі аталған.