Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова министрлікте және ведомстволық бағынысты құрылымдарында жаппай жұмыстан босату туралы хабарламаларға түсініктеме берді, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Үкіметтегі брифинг барысында журналист 1 желтоқсанда Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті қызметінен Назипа Аюбаеваның босатылғанын еске салды. Ол бұл қызметке мамыр айының соңында тағайындалған болатын.
Министр академия президенті қызметінен өз еркімен кеткенін мәлімдеді.
Бұған дейін ол кейбір пәндерді біріктіруге қатысты реформа ұсынған еді. Алайда бұл бастаманы Мемлекет басшысы қолдамады, осыған байланысты ол осындай шешім қабылдады, - деді Сүлейменова.
Министрлік басшысы ведомствода өзінің жеке командасы жоқ екенін де атап өтті.
Мен министрлікке бар болғаны көмекшім мен кеңесшіммен бірге келдім, барлығы бес адам. Иә, кейбір қызметкерлер өз бетімен шешім қабылдап, жұмыстан кетіп жатыр, мен оларды тоқтата алмаймын, себебі олар қызметін жалғастырмауды өздері ұйғарады. Жалпы, бүгінгі күнге дейін ведомстволық ұйымдарды қоса алғанда барлығы төрт адам ғана жұмыстан кетті: аппарат басшысы және Орта білім комитеті төрағасының орынбасары. Қалғандарының барлығы өз орындарында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан менің жаппай кадрлық тазалау жүргізіп жатырмын деген пікіріңізбен келіспеймін, - деп қосты министр.