Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесін түгелімен мектепке жүктеп қоюға болмайды. Мәселені жүйелі шешу үшін мектептерге инспекторларды қайтару қажет. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймагамбетов айтты, — деп хабарлайды Педагог-KZ.
Құқық бұзушылық профилактикасы туралы заң жобасын талқылау барысында депутат бірнеше мәселе көтерді.
Біріншіден, мектеп инспекторлары туралы.
Көп жылдар бойы мектептерде ювеналды полиция инспекторлары жұмыс істейтін. Олар балалармен, ата-аналармен, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын алатын.
Соңғы жылдары бұл жүйе әлсіреді — инспекторлар мектептерден алынып тасталды. Нәтижесінде барлық жүктеме мұғалімге түсті. Бірақ мұғалім — құқық қорғау қызметкері емес.
Бүгінде біз буллинг, бейәдеп, мінез-құлық, «ұрлық заңы» сияқты ұғымдардың таралуын көріп отырмыз.
Тіпті күні кеше жарияланған TALIS халықаралық зерттеуі де соңғы жылдары мектептегі тәртіп мәселесінің ушығып бара жатқанын көрсетіп отыр.
Екіншіден, мектеп психологтарының тапшылығы.
Бір психологқа 800–1000 оқушыдан келеді. Ал халықаралық норма бойынша ең көп — 300 бала.
Мұндай жағдайда құқықбұзушылықтың алдын алу мен психологиялық қолдау жүйесі тиімді жұмыс істей алмайды.
Үшіншіден, нақты регламент пен жауапкершілік жүйесі керек.
Білім бөлімі, полиция және мектеп арасындағы өзара іс-қимыл біріздендірілмесе, жаңа заң қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін.
Мектепішілік бақылауға қою тәртібін және арнайы мектептерге жіберу тәртібін қайта қарау қажет.
Сондай-ақ, заң жобасының кей баптарына қатысты ескертпелер:
• 23-бапта білім беру ұйымдарына үлкен жүктеме артылған, бірақ нақты ресурстар мен кадрлар көрсетілмеген;
• 79-бапта кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың жұмысы жазылғанымен, координация мен бірыңғай басқару тетігі шешілмеген; Үкіметтің жанында бұл комиссия болуы керек.
• Реабилитациялық және ресоциализациялық бағыт жеткіліксіз қамтылған, ал заң жобасы негізінен есеп, бақылау мен шектеуге басымдық берген, — деп жазды А. Аймағамбетов Әлеуметтік желідегі парақшасында.