Павлодарлық педагог Игорь Гноевой сабақ берудегі ерекше әдісі арқылы әлеуметтік желідегі миллиондаған адамның жүрегін жаулады. Павлодар маңындағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейтін ол ұстаздық жол туралы пікірін бөлісті,- деп хабарлайды Педагог-KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
10 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып жүрген Игорь Гноевой бастапқыда педагог боламын деп, оның ішінде бастауыш сынып мұғалімі боламын деп мүлдем ойламаған. Ол алғашқыда неміс тілінің аудармашысы мамандығын таңдаған, алайда топ жабылып қалып, үш түрлі таңдау түскен: әлеуметтік педагогикаға немесе бастауыш мұғалім мамандығына ауысу және соңғысы — оқып жатқан колледжін тастап, мүлдем басқа салаға кету.

«Осылайша бастауыш сынып мұғалімін таңдадым да, төрт жыл оқып шықтым. Бірнеше мектепке түйіндеме жібердім, бірақ өзімді мұғалім ретінде елестете алмай, сауда саласына жұмысқа тұрдым. Сөйтіп жүргенде, жаңа оқу жылының алдында өзім оқыған мектептен жұмысқа шақырту алдым. Не істеймін? Бардым. Тағдыр деген осы», – дейді Игорь Гноевой.
Бүгінде Игорь бұл жағдайды жымия еске алады. Бірақ сол кезде 19 жастағы жас педагог үшін бұл қиын әрі тағдыршешті қадам еді.
«Алғашқы жұмыс күні 1-сынып оқушыларын сыныпқа ертіп бара жатқанда, ата-аналар мені жоғары сынып оқушысы деп ойлады. Барлығы аң-таң. Маған ерекше назар болды: жас жігіт, қолынан келе ме, балаларға әріп үйрете ала ма дегендей. Қиын болды деген бергі жағы, басында қатты күйзелдім. Алғашқы үш жыл күн сайын ішімнен жұмыстан кетемін деп жүрдім. Менің жұмыста тұрақтап қалуыма ата-анам көп көмектесті. “Біз сені оқыттық, енді бұл сенің мамандығың, барып жұмыс істе”, – деген талап қойды», – дейді педагог.

«Жыладым, бірақ шыдадым»
Игорь өзін толыққанды мұғалім ретінде тек үш жылдан кейін сезіне бастаған. Оның айтуынша, ұстаздықты үйренуге тәлімгерлік сеп болған.
«Өкінішке қарай, жоғары оқу орындарында әдістеме дұрыс оқытылмайды. Бізге жас мұғалімге қажет емес күрделі тақырыптарды береді. Бірақ менің жолым болды — тәжірибесі мол тәлімгерім Наталья Ивановна менің сабақтарыма қатысып, ескерту жасап, қателерімді көрсетіп отырды. Ол кісіге талай ренжіп, жыладым, бірақ шыдадым. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім», – дейді Игорь Гноевой.
Миллион жинаған жұмбақ
Бүгінде Игорь Гноевойдың ұстаздық бейнесі дәстүрлі мұғалім образына мүлде ұқсамайды: татуировкалары бар, мойнында алқа, сәнді қас. Ал жұмыста қызықты сәттерді видеоға түсіріп алу үшін штатив пен камераны үнемі алып жүреді.
Ол әлеуметтік желіде екі жыл бұрын «Қазақстан мұғалімі» байқауынан кейін танылды. Жаңбыр жауып тұрғанда қарға қай ағашқа қонады деген логикалық жұмбағы жеті миллион қаралым жинаған.
«Ол кезде блог жүргізген емеспін, салғаным тек тамыр-таныс, туыстар ғана лайк басатын. Сол видео кең таралып кетті. Оқырмандар “тағы видео сал” деп қолқа сұрап жаза бастады. Солай кезекті видеоларымды түсіре бастадым, қаралымдар көбейді», – дейді Игорь.

Бүгінде павлодарлық педагогтің парақшасына Қазақстан ғана емес, Ресей, Беларусь, Германия және басқа елдердің азаматтары жазылған. Ол сабақ үзінділерін, логикалық тапсырмаларды, оқыту әдістерін көрсетіп, заманауи мұғалімнің проблемаларын талқылайды.
Сабақтың сиқыры
«Мен балалық шағымда қалай оқығым келсе, солай сабақ беремін. Ыңғайлы атмосфера жасаймын. Сол кезде балалар ашылады, қорықпай айтады, сөйлейді, пікір білдіреді. Олар мені жақсы көреді, сыйлайды, мен де оларды дәл солай құрметтеймін», – дейді педагог.
Балалар жалыға бастаса, бірден тәсілін ауыстырады: қолына сұрақтары бар шляпа не микрофон алып, сабақты викторинаға немесе сұхбатқа айналдырады. Шағын сыйлық ретінде — кәмпит береді және күрделі терминдер қолданбауға тырысады. Мектептегі мультимедианы — проектор, сабвуфер, аудиокітаптарды жиі пайдаланады.
«Талқылаймыз, бірақ айыптамаймыз»
Педагог өз блогында «Талқылаймыз, бірақ айыптамаймыз», «Норм ба, әлде емес пе?», «Миф пе, шындық па?» айдарларын жүргізеді.
Игорь Гноевой мұғалімдердің басты проблемасы ретінде есеп беру жұмысының шамадан тыс екенін алға тартты.
«Мысалы, айта беретін “Kundelik” бар, кейде одан ақпаратты шығарып, керісінше қағазға шығарып беруді сұрайды. Кейде тіпті сабақ үстінде құжат сұрайды. Ұстаздар балаларға өзіндік жұмыс беріп, кейде өздері қағаз толтыруға мәжбүр. Мүмкіндігі болса, ең бірінші есеп беру жүктемесін азайтар едім», – дейді ол.
Ер мұғалімдер туралы
«Қазақстандық мектептерде ер мұғалімдер бар, бірақ аз. Жүктемесі жоғары, ата-аналармен үздіксіз байланыс, есеп беру кейбір ер адамдарға қиын жұмыс. Жалақысы да бәріне ұнай бермейді. Бірақ ең бастысы — мұғалімнің ер немесе әйел адам болуында емес. Ең маңыздысы — мектепке ашулы, жүйкесі жұқа адам бармауы керек. Себебі ата-аналар бізге баласын тапсырып отыр», – дейді Игорь Гноевой.