Сайт бойынша іздеу

Педагогті жұмысқа тұрғызғаны үшін 1 миллион теңге пара алған Қызылорда қалалық білім бөлімінің экс-басшысы сотталды

Бөлісу:
GWkQCdJ6qu.jpg
Фото ИИ

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі Қызылорда қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысының пара алғаны үшін сотталғанын мәлімдеді-деп хабарлайды ПЕДАГОГ -KZ қазинформға сілтеме жасап. 

Сот таратқан ақпаратта сотталушының аты-жөні көрсетілмеген. Дегенмен, аймақтық пабликтер жарияланған ақпаратқа жазылған пікірлерде сотталған азамат қалалық білім бөлімін басқарған Жанат Мылтықбайқызы Сәдуақасова екенін жазуда. 

 «Қызылорда қаласының №2 сотында сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра педагог-ұйымдастырушы лауазымына жұмысқа орналастырып берген үшін 500 000 теңге ақшаны қолма-қол алған. Бұдан кейін оны үйіне шақырып, бастапқыда сұраған 1 000 000 теңгенің қалған 500 000 теңгесін алған», - делінген хабарламада.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы, бас бостандығынан 3 жылға айыру жазасы тағайындалған. 

Хабарламада көрсетілгендей, Қылмыстық кодекстің 46-бабы 5-бөлігінің 2-тармағына сәйкес жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленген. Үкім заңды күшіне енген жоқ.