Атырау облысы Құлсары қаласындағы қатарластарына балта ала жүгірген 10-сынып оқушысына қатысты алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды Педагог-KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Сот шешімімен оқушы үйқамаққа алынған.
Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, оқушының кәмелетке толмағанын, өңірдегі криминогендік жағдай және ата-анасының өтінішін ескере отырып, жасөспірімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Оқушыға тек мектепке және медициналық мекемелерге баруға рұқсат етілген. Бұл шектеулер тергеу амалдары аяқталғанға дейін қолданылады. Бүгін оқушы сабаққа қатысқан.
— Оқиға салдарынан екі бала жеңіл жарақат алды. Полицейлер балтаға ұқсас затты таба алмады. Осыған байланысты білім басқармасы, полиция департаменті және облыстық прокуратура өкілдерінің қатысуымен бірлескен тексеру жүргізілді. Бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған жағдайға қатысы бар оқушылар есепке алынды. Балалармен тәрбиелік жұмыс ұйымдастырылуда, — деді М. Әбуов.
Еске салайық, биылғы 5 ақпанда әлеуметтік желіде Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы № 6 мектептің 10-сынып оқушысы сыныптастарымен болған жанжалдан кейін оларды қолына балта алып қу,ан бейнежазба тарады. Кейін мектеп директоры өз өтініші негізінде қызметінен босатылған.