Өткен жылы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сынып жетекшілерінің айлығына қосылатын үстемеақы үш есе артатынын айтқан еді. Алайда бұл бастама биыл жүзеге аспайтыны белгілі болды,- деп хабарлайды Педагог-KZ.
«Класс жетекшілердің қосымша ақысы биыл болмайды. Себебі ақша жағын жалғыз министр шешпейді. Бүкіл мемлекеттік органдардың қатысуымен шешіледі деді. Бірақ мәселе талқылануда. Күтеміз. Әзірше бонус ретінде класс жетекші болған педагогтерге аттестация кезінде 10 процентке дейін балл қосылады. Мұны министрлік шеше алады деді министр»,- деп жазды министрмен кездескен педагогтардың бірі Сұлтан Сүлеев желідегі жазбасында.
Педагогтың айтуынша жуырда Астанаға министрмен кездесуге бір топ ұстаздар барып қайтқан. Кездесуде бірқатар мәселелер талқыланған, оның ішінде сынып жетекшілеріне төленетін үстемеақы бастамасы да бар.
Айта кету керек, министр бұған дейін сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақыны 30 мың теңгеге жеткізу мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Министр сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақы төленген күннің өзінде бәріне бірдей емес, сапалы жұмыс істеген ұстаздарға ғана өсетінін айтқан еді.