Сайт бойынша іздеу

Сот мұғалім мен білім беру ұйымын татуластырды

Бөлісу:
aFmLFwhIzX.jpg

Түркістан облысының мұғалімі Алматы әуежайында қауіпсіздік тексерісі кезінде айтқан сәтсіз қалжыңынан кейін «аморальдық әрекет» жасады деп жұмыстан қуылған. Педагог бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Нәтижесінде мектеп еңбек кітапшасындағы жазбаны өзгертуге міндеттелді. 

Түркістан облыстық соты таратқан мәліметке сәйкес, оқиға Алматы қаласының халықаралық әуежайында болған. Қауіпсіздік қызметі жүргізген тексеріс кезінде мұғалімнің қалжыңы қауіпті сипаттағы мәлімдеме ретінде қабылданып, бұл жайт қоғамдық қауіп ретінде бағаланған.

Оқиғадан кейін педагогқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы — «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда желілік полиция бөлімі істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатқан.

Соған қарамастан, мектеп әкімшілігі мұғалімді «әдепке қайшы іс-әрекет жасады» деген негізбен жұмыстан босату туралы шешім қабылдаған.

Педагог сотқа жүгініп, бұл шешімнің заңсыз екенін дәлелдеуге тырысты. Талапкер сотта тәртіптік комиссия мәселені қарау кезінде бейтараптық танытпағанын, оның түсініктемелері ескерілмегенін және еңбек шарты қылмыстық іс ресми түрде тоқтатылғанға дейін бұзылғанын атап өтті. 

Сот отырысы барысында тараптар татуласу рәсімдерінен кейін келісімге келді. Сот бекіткен татуласу келісіміне сәйкес, білім беру ұйымы еңбек шартын бұзу туралы бұйрыққа, enbek.kz онлайн платформасындағы және еңбек кітапшасындағы жазбаларға өзгеріс енгізуге міндеттелді.

Келісім бойынша тараптар өзара міндеттемелер орындалғаннан кейін бір-біріне қатысты шағымдар мен талаптар қоймайтыны жөнінде уағдаласты.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.