МЖМБС (ГОСО) апробациясы 2025-2026 оқу жылында басталып, толық іске асыру 2026-2027 оқу жылына жоспарланған,-деп хабарлайды pedagog-kz.kz Академияның Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алтынсарин академиясы бастауыш/негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жобасын екі жыл бойы педагогикалық және сараптамалық қоғамдастықтардың, ата-аналар қауымдастығы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, депутаттармен талқылай отырып әзірлеген.
МЖМБС жобасында оқытудағы құндылыққа бағдарланған тәсілге баса мән берілген. Білім берудің инклюзивті тәсілін арттыруға және МЖМБС тиімділігін бағалауға бағытталған бірден бірнеше норма енгізілді. Сонымен қатар «Әлеуметтік GPA» жаңа ұғымы да қосылды. Жаңа МЖМБС жобасында пәндер және сағаттар саны сақталады.
МЖМБС талаптары оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуде, педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бағдарламаларының мазмұнын әзірлеуде, тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, мектепішілік бақылау, педагогтерді аттестаттау, оқыту нәтижелерін бағалау, қорытынды аттестаттау және білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу кезінде міндетті болып табылады.
Білім беру стандарттарын өзектендіру – білім беру саласындағы заманауи үрдістерді, цифрландырудың, жасанды интеллекттің қарқынды дамуын ескеруге мүмкіндік беретін жалпы қабылданған әлемдік тәжірибе. Естеріңізге сала кетейік, қазір қолданыстағы МЖМБС 2016 жылдан кезең-кезеңімен енгізілген еді.