Сайт бойынша іздеу

Жекеменшік мектептерге арналған мемлекеттік тапсырыстың жаңа жүйесі іске қосылды

Бөлісу:
Q8VKIueYP7.jpg
Фото ашық көздерден

Қазақстанда жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа тетігі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен облыстардың, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалалары әкімдіктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілді және 2025–2026 оқу жылын қамтиды, – деп хабарлайды Педагог-KZ.

 

Қаржы орталығы Қаржы министрлігінің қарамағына берілді

Реформаның негізгі элементтерінің бірі – «Қаржы орталығы» АҚ  Қаржы министрлігінің қарамағына берілуі. Енді пилоттық жобаның операторы ретінде қаржы министрлігі жұмыс істейді. Ол жобаның ұйымдастырушылық және әдістемелік сүйемелдеуін қамтамасыз етеді, қатысушыларға консультациялар береді, мониторинг жүргізеді және қабылданған актілер бойынша төлемдерді жүзеге асырады.

 

Цифрлық жүйе бақылау мен ашықтықты күшейтеді

Жаңа тетікті жүзеге асыру үшін Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ әзірлеген заманауи ақпараттық жүйе құрылды. Ол www.e-Qazyna.kz цифрлық платформасына біріктірілген және келесі үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік береді:

  • оқушылар контингентін тексеру;

  • рұқсат құжаттарын верификациялау;

  • басқа мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау.

12 қарашада іске қосылған жаңа жүйе пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетіп, деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтеді, осылайша ақпараттың қайталануы мен қателіктер қаупін азайтады.

Жүргізілген талдау нәтижесінде қолданыстағы мемлекеттік тапсырыс жүйесін жаңарту қажеттілігі анықталды. Бұған дейін кей жағдайларда оқушылар іс жүзінде бір мектепте оқыса да, қаржыландыру басқа ұйымға бағытталғаны белгілі болған. Сондай-ақ деректер базасында оқуын аяқтаған немесе басқа мектепке ауысқан оқушылар туралы мәліметтер жаңартылмаса да қаражат аударылып отырған.

Бұдан бөлек, білім беру қызметін жүзеге асырмаған, бірақ мемлекеттік тапсырыс алушы ретінде тіркелген ұйымдар да анықталған.

Жекеменшік мектептер үшін жаңа кезең

Бүгінде Қазақстанда шамамен мыңға жуық жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Олардың санының артуы – білім беру саласындағы оң үрдістің айғағы. Алайда бұл үрдіс бақылау мен қаржыландыру жүйесін жетілдіруді талап етеді.

Пилоттық жобаны іске асыру білім беру ұйымдары арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке инвестицияларды тартуға және бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.