Біліктілікті арттыру бөлігінде педагогтерді курстардан кейінгі қолдау мәселесі әлі де проблема болып қалып отыр. Бұл жүйе мұғалімдерге жаңа білімді практикада қолдануға септігін тигізуі тиіс, бірақ іс жүзінде ол тек семинарлармен, жарияланымдармен ғана шектеледі.
Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасында орта білім беру саласында жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері қаралған жиында айтылды,-деп хабарлайды Педагог-KZ аталған мекеменің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талқылауға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, министрліктердің жауапты лауазымды тұлғалары, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.
Жүргізілген мемлекеттік аудит орта білім беруді дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін төмендететін бірқатар проблемалық мәселелер мен жүйелі кемшіліктерді анықтады.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов негізгі мәселелерге баса назар аударды.
«Оқу-ағарту министрлігі бірінші кезекте қабылданатын құжаттар реформалардың дәйектілігін қамтамасыз етуге тиіс екенін қадағалауы керек. Соңғы жылдары орта білім беруді қаржыландыру 3 еседен астам өскен. Мұндай жағдайда мемлекет қабылданып жатқан шаралардан үлкен нәтиже күтетіні анық», — деді Әлихан Смайылов.
Аудиторлық қорытындыға сәйкес, педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруда Еңбек министрлігінің болжамдары мен білім беру жүйесінің нақты қажеттіліктері арасында айтарлықтай сәйкессіздіктер анықталды. Бұл – есептеу әдіснамасының кемшіліктері.
Біліктілікті арттыру бөлігінде педагогтерді курстардан кейінгі қолдау мәселесі әлі де проблема болып қалып отыр. Бұл жүйе мұғалімдерге жаңа білімді практикада қолдануға септігін тигізуі тиіс, бірақ іс жүзінде ол тек семинарлармен, жарияланымдармен ғана шектеледі.
Білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан.