Алматы облысы Қарасай ауданы Көлащы ауылында оқушының шашынан ұстап, қол жұмсаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі өз өтінішімен қызметінен кетті, – деп хабарлайды Педагог-KZ облыстың Білім басқармасына сілтеме жасап.
Педагогтың бұл әрекеті желіде тарады. Онда мұғалім оқушының шашынан тартып, иығынан жұдырықпен ұрғаны, артынша құлағынан тартқаны таспаланған.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыға қол көтергенін мойындап, түсініктеме берген. Ол өз өтініші негізінде 2025 жылғы 4 желтоқсандағы №179 бұйрықпен жұмыстан босатылған.
Оқушы денсаулығына ешқандай залал келмегені нақтыланды. Материалдар полиция басқармасына жолданып, тергеу амалдары жүргізілуде, – делінген Білім басқармасының ресми ақпаратында.