Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық саланы, оның ішінде білім беру жүйесін цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Оқу-ағарту министрлігі жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Басты мақсат - педагогтардың әкімшілік жүктемесін азайту, оқушылардың ЖИ сауаттылығын арттыру және заманауи Ұлттық білім беру платформасын қалыптастыру.
Осы бағытта цифрлық профильдердің ұлттық жүйесін және Ұлттық білім беру платформасын құру жұмыстары басталды. Ұлттық білім беру дерекқоры жаңғыртылып, ол барлық LMS жүйелерін, яғни электрондық күнделіктер мен журналдарды біріктіретін бірыңғай деректер қоймасына айналады. Барлық ақпарат QazTech мемлекеттік бұлтты платформасында шоғырландырылады.
Бұл шешім мұғалімдердің күнделікті жұмысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ЖИ агенттері педагогикалық кеңестерге дайындық, жоспарлау және басқа да ұйымдастырушылық жұмыстарда қолдау көрсетеді.
Сонымен қатар, 2026–2027 оқу жылынан бастап шағын жинақты мектептер үшін пилоттық өңірлерде Qazaq Digital Mektebi жобасы іске қосылады. Жоба аясында ЖИ репетиторлары қолданылып, білім сапасын арттыруға жағдай жасалады. 2026 жылға қарай 200 мыңнан астам педагог практикалық ЖИ дағдыларын меңгереді деп жоспарлануда.
Оқушылар арасында жасанды интеллект сауаттылығын арттыруға да ерекше назар аударылады. Бұл олардың заманауи цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың бірінші жартысында Министрлік жанынан құрылған жұмыс тобы заңнамалық өзгерістер бойынша ұсынымдар әзірлеп, білім беру саласында ЖИ қолдануға қатысты пилоттық жобалардың тиімділігін бағалайды.
Осылайша, Үкімет жасанды интеллект агенттерін енгізу арқылы педагогтардың жүктемесін азайтып қана қоймай, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге мүмкіндік беретін берік цифрлық негіз қалыптастыруды көздеп отыр, - деді Асылбек Ахметжанов.