Бүгін Жулдыз Сүлейменованың Оқу-ағарту министрі қызметіне кіріскеніне 100 күн, деп хабарлайды Педагог-KZ. Осы кезең ішінде қандай жұмыстар атқарылды және алдағы уақытта министрлік алдына қандай басым міндеттер қойылып отыр, бірге талдайық.
2025 жылдың 29 қыркүйегінде Жулдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалып, бұл қызметте Ғани Бейсембаевты алмастырды. Жаңа министрге мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жүйелі проблемалармен қатар, балалардың құқықтарын қорғауға байланысты маңызды міндеттер жүктелді.
Жалпы, педагогикалық қауымдастық министрдің тағайындалуы немесе қызметтен кетуі туралы жаңалықтарды әдетте үлкен үмітпен қабылдайды. Әрбір кадрлық ауыс-түйіс білім саласындағы оң өзгерістердің бастамасына баланады. Бұл тұрғыда Жұлдыз Сүлейменованың тағайындалуы да осылай қабылданды. Бұған дейін ол білім саласындағы өзекті мәселелерді Мәжіліс депутаты ретінде жиі көтерген-ді. Оның депутаттық сауалдары мен сын-пікірлерінің бірқатары педагогтардың қызметіне тікелей әсер ететін мәселелерге, оның ішінде аттестациялау ережелері мен тәртібі, ұстаздардың жүктемесі, білім беру бағдарламаларының сапасы, мемлекеттік бағдарламалардың іс жүзінде орындалуындағы түйткілдер және басқа да проблемаларға арналды.
Бұл орайда қоғам, ең алдымен педагогтар, министрдің әрбір кәсіби қадамын, бастамаларын, сондай-ақ сұхбаттары мен мәлімдемелерін мұқият назарда ұстап отыр. Себебі ұстаздар білім беру саласында нақты әрі оң өзгерістердің жүзеге асуын, көтерілген мәселелердің сөз жүзінде ғана емес іс жүзінде шешілуін күтеді.
Жекеменшік мектептер мәселесі
Жулдыз Сүлейменова министрлік қызметіне педагогтардың кәсіби мерекесі қарсаңында кірісті. Тағайындалған күні-ақ оны Мемлекет басшысы қабылдап, білім сапасын арттыру, саланың өзекті мәселелерін уақтылы шешу және азаматтармен кері байланысты жолға қою жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Дәл сол уақытта жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі саланың ең өзекті мәселелерінің бірі боп тұрған-ды. Жекеменшік мектептердің басшылары Астанаға жиналып, қаржыландыруды реттеуді және министрмен кездесуді сұрады. Бұл мәселенің өзектілігін Мемлекет басшысы күні кеше «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ерекше атап өтті.
Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр, - деді Президент.
Жекеменшік мектептер мәселесінің күрделілігі соншалық, ол Премьер-министр деңгейінде қаралып, арнайы кеңес өткізілді. Министр тағайындалғаннан кейін бірнеше күннің ішінде Үкіметпен бірлесіп шешілді. «Қаржы орталығы» АҚ барлық функциясымен бірге Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Осылайша жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі, әсіресе Оқу-ағарту министрлігі үшін, оң шешімін тапты.
Пәндерді біріктіру және кіріктіру
Өткен жылы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жаңа Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын әзірлеп, жаңа бағдарлама 20 мектепте пилоттық режимде апробациядан өте бастады. Стандартқа сәйкес алгебра мен геометрияны «Математика» пәніне, химия, физика және биологияны «Жаратылыстану ғылымдарына», ал дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «Әлеуметтік ғылымдар» пәніне біріктіру көзделген еді.
Бұл жаңашылдық қоғамда, әсіресе педагогтар мен депутаттар арасында кең талқыланып, сынға ұшырады. Сол кезде Мәжіліс депутаты болған Жулдыз Сүлейменова да бұл бастаманы сынағандардың қатарында болды.
Министр қызметіне кіріскен алғашқы күндерінен-ақ Жұлдыз Сүлейменова пилоттық апробация нәтижелерін жан-жақты зерделеу қажеттігін айтып, шешімді тиісті қорытындылар негізінде қабылдау керектігін мәлімдеді. Желтоқсан айының басында министр химия, физика және биология пәндерін «Жаратылыстану ғылымдарына» біріктірілмейтіні жөнінде ресми шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Қайталаймын: физика, химия және биология жеке пәндер ретінде сақталады және дербес оқытылады», - деді ол Алматы қаласында өткен Жас ғалымдардың халықаралық конгресінде сөйлеген сөзінде.
Айта кетейік, қараша айының соңында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Нәзипа Аюбаева қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымды бар болғаны жарты жылдай атқарды.
Педагогтарды аттестациялау
Педагогтар арасында ең көп талқыланатын мәселелердің бірі - аттестациялау тәртібі мен ережелері. Бұл күрделі және асығыс шешім шығаруға болмайтын, сонымен қатар кейінге қалдыруға келмейтін өзекті мәселе еді. Себебі педагогтар тарапынан мәселенің оңтайлы шешілуіне үлкен сұраныс болды.
Бұл бағытта министрлік өзгеше жолды таңдады. Ведомство жанынан аттестациялау ережелерін қайта қарау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Олар педагогикалық қауымдастықпен бірлесіп қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді талдап, қайшылықтарды анықтап, нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Атап айтқанда, «педагог-шебер» біліктілік санатын алу үшін авторлық бағдарламалар әзірлеу талабын алып тастау және педагогтардың құзыреттілігін бағалаудың балама тетіктерін енгізу мәселелері қарастырылуда. Жұмыс тобының алғашқы қорытындылары ақпан айының ортасында талқыланады. Ал, енгізілетін өзгерістер қабылданған жағдайдың өзінде жаңа тәртіп келесі оқу жылынан бастап күшіне енеді.
ЖИ көмегімен оқу жүктемесін цифрландыру
Педагогтар үшін маңызды тағы бір мәселе - оқу жүктемесінің әділ бөлінісі Министр бұл үдерісті жасанды интеллектіні пайдалану арқылы цифрландыру жоспарын жеткізді. Нәтижесінде сағаттар оқушылар саны мен сынып-комплекттерге қарай бөлінбек, яғни бұл процеске мектеп басшыларының ықпалы азаяды деп күтілуде.
Сағат бөлуді цифрландырудың нақты іске қосылу мерзімі әзірге жарияланған жоқ. Алайда Мемлекет басшысы ағымдағы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын ескерсек, бастаманың биыл жүзеге асуы әбден мүмкін.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен бірнеше жұмыс тобы құрылып, Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы жасақталды. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу және білім саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді талдау жөніндегі жұмыс топтары құрылды.
Мемлекет басшысының азаматтармен кері байланысты күшейту жөніндегі тапсырмалары демекші, жалпы, министр ведомствоның ресми цифрлық алаңдарымен қатар, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын да белсенді пайдаланады. Жұлдыз Сүлейменова педагогтармен онлайн да, офлайн да байланыста болуға тырысып, әлеуметтік желі арқылы ұстаздардан ұсыныстар мен сұрақтарды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен, министр мен министрлік парақшаларында жауапсыз қалған сұрақтардың басымдығы байқалады. Өзекті сауалдардың кейбірі министрдің өңірлерге жұмыс сапары барысында қамтылған болуы керек. Үш ай ішінде бас ұстаз Ақмола, Қызылорда, Жамбыл және Абай облыстарына барды.
Министр лауазымында Жұлдыз Сүлейменова алғашқы сұхбатын Qazaqstan және Хабар телеарналарына берді. Екі түрлі сұхбат араға күн салып екі мемлекеттік арнаның эфирінен бірінен соң бірі шықты. Бұдан бөлек, «Егемен Қазақстан» газетінде де министрлік жоспарлары мен Президент тапсырмаларын іске асыру барысы туралы мақаласы жарияланды.
БАҚ-тағы басқа да сұхбаттары мен мәлімдемелерінде министр педагогтардың мәртебесін нығайту, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін көтерді. Мәселен, оқу кабинеттеріне бейнебақылау камераларын орнатуға қарсы екенін білдіріп, «Мақсатты мектептер» жобасын жапты. Сонымен қатар мектеп директорлары әр бес жыл сайын аттестациядан өтетіні белгілі болды.
Осылайша, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қызметінің алғашқы 100 күнінде саланың негізгі бағыттарын айқындап, білім сапасын арттыруға бағытталған қадамдарын бастады. Олардың нәтижелі болуы алдағы уақыттың еншісінде.
Дулат Абибуллаев,
Педагог-KZ