Зейнолла Қабдолов атындағы №40 орта мектепте мұғалім сабақ үстінде оқушыны ұрған деп хабарлайды Педагог-KZ аzh.kz cілтеме жасап.
Оқиғадан кейін баланы дәрігерлер тексерген. Оқушының анасы Айгерім Болатқалидің айтуынша, оның ұлы – 6 «Д» сынып оқушысы Айбат Әли – құлағының ауырғанын айтып, кезекші мұғалім Асет Ануарбекұлының шапалақпен ұрғанын жеткізген. Анасының сөзінше, педагог бақылау жұмысы кезінде сыныпқа кіріп, партада көршісіне бұрылған баланы ұрып жіберген.
– Ұлымның құлағы қызарып, бірнеше сағат бойы ауырды. Мұғалім кейін «аздап шапалақтадым, өйткені тыныш отырмады» деді, – дейді Айгерім Болатқали.
Дәрігерлер баланың денесінен көгерген із (жарақат) анықтады. Ата-анасы полицияға жүгініп, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, қатыгездікпен қарау белгілерімен») бойынша арыз берген.
– Мұғалімнің өзі ірі денелі адам, ал бала қорқып қалып, шапалақтан кейін басын бұра алмай қалған. Егер педагог өзін ұстай алмаса, оған психологтың көмегі қажет, – дейді Айгерім Болатқали.
Оқиғаға байланысты қалалық білім бөлімінің түсініктемесі күтілуде.