Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты,- деп хабарлайды Педагог-KZ
«Барлық аймаққа жекеменшік мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидаты бойынша қомақты қаражат бөлу міндеті жүктелген. Бұған қоса, ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
⠀ ⠀Президент осыған ұқсас ахуал жекеменшік медицина саласында да қалыптасып отырғанын жеткізді.
⠀«Науқастардың санында мүлде нақтылық жоқ, тіркеу жұмыстары қалай болса солай жүргізіледі. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн. Жалпы, бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған назар аударуға тиіс. Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғаламын. Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен. Ахуалды түзеу қажет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ, жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды», - деді Президент.