Сайт бойынша іздеу

Кәсіподақ педагог құқығын қорғауды күшейтуі керек – министр

Бөлісу:
giP8aiQ7cv.jpeg
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваны қабылдады,- деп хабарлайды Педагог-KZ министрліктің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр кәсіподақ базасында педагогтар үшін байланыс орталығын құру, педагог-омбудсмен штат бірлігін енгізу, білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлер үшін 30 күн еңбек демалысын енгізу және сауықтыру төлемақысын төлеу секілді белсенді педагогтардың ортақ ұүсынысын кәсіподақ төрайымының назарына жеткізді.

Кәсіподақ төрайымы айгүл Мұқашева өз кезегінде сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында жүзеге асырылған жұмыстар туралы баяндады.

 Министр педагог мәртебесіне нұқсан келтірілген және құқықтары жиі бұзылған өңірлер бойынша сараптамалық ақпарат әзірлеуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев педагогтердің қоғамдағы рөлін нығайту, мәртебесін арттыру, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөнінде бізге нақты міндеттер жүктеді. Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізілуде. Кәсіподақтар педагог мәртебесі мен құқықтарының қорғалуына басымдық беруі және бұл бағытта қоғамдық бақылауды күшейтуі тиіс», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Кәсіподақ ақпаратына сай  2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының орындалуына 1889 қоғамдық бақылау жүргізіп, еңбек заңнамасы бойынша 3222 құқықбұзушылық дерегін анықтаған. Оның ішінде 632 бұзушылық еңбекақының дұрыс төленбеуіне, 404 - жұмыс және демалыс режимінің сақталмауына қатысты.