Сайт бойынша іздеу

9 мұғалім, 9 млн теңге: Жетісуда мектеп директорына қатысты тергеу басталды

Бөлісу:
KYkQ4ykoEQ.jpg

Жетісу облысындағы білім беру ұйымдарының бірінде басшылық қызмет атқарып жүрген азаматтың лудоманияға қатысы болуы мүмкін деген күдік туындады. Алдын ала мәліметтер әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде жарияланды  деп хабарлайды Педагог-KZ. 

Онда Көксу ауданына қарасты Қызылтоған ауылындағы мектеп директоры әріптестерінен қарызға қаржы алып, оны букмекерлік кеңселерде ұтыс ойындарына салғаны айтылған. 9 мұғалім аталған жайт бойынша ресми түрде арыз түсірген. Келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 9 миллион теңгені құрайды. Зардап шеккен педагогтардың сөзінше, арыз жазуға жүрексінген өзге де мұғалімдер бар, сондықтан нақты жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Кейінірек Көксу аудандық білім бөлімі бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылғы 30 желтоқсанда мектеп жанындағы шағын орталығы бар Қызылтоған орта мектебінің тоғыз педагогынан аталған білім беру ұйымы директорының әрекеттеріне байланысты арыз келіп түскен.

«Аталған арыз 2026 жылғы 5 қаңтарда Көксу ауданы бойынша полиция бөліміне жолданды. Қазіргі уақытта осы өтініш бойынша заңнама талаптарына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу әрекеттерінің жүргізілуіне байланысты Көксу ауданы бойынша білім бөлімі тарапынан 2026 жылғы 5 қаңтардағы бұйрықпен мектеп директорының қызметтік міндеттерін уақытша атқаруын шектеу шаралары қолданылды. Сонымен қатар, 2026 жылғы 6 қаңтарда аудан әкімінің орынбасарының, Көксу ауданы бойынша білім бөлімінің басшысының және ауылдық округ әкімінің қатысуымен Қызылтоған орта мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесу ұйымдастырылуда. Аталған мәселе аудан әкімдігі мен білім бөлімі тарапынан бақылауда және қолданыстағы заңнама шеңберінде қаралуда», - делінген түсініктемеде.