Сайт бойынша іздеу

Мектептер мен балабақшаларда педагог-ассистенттер (тьюторлар) жетіспейді - депутат

Бөлісу:
Oi2DrtL3xH.jpg
Фото: https://t.me/oqu_agartu

Елімізде мектептер мен балабақшаларда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдейтін педагог-ассистенттер (тьюторларға) жетіспеушілігі өте өзекті. Бұл туралы бір топ Мәжіліс депутаттарының Премьер-министрге жолданған сауалында айтылды, деп хабарлайды Педагог-KZ.

Депутаттық сауалда келтірілген мәліметтерге сәйкес, елімізде 732 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар, олардың шамамен 15 пайызы  балалар. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың саны 203 мыңнан асып, жыл сайын артып келеді. Соған қарамастан, инфрақұрылымның қолжетімділік деңгейі орта есеппен 45 пайызға да жетпейді, ал өңірлерде кедергісіз орта қалыптастыру көбіне формалды түрде іске асырылуда,- делінген сауалда.

Аталған саладағы негізгі проблемалардың бірі ретінде педагог-ассистенттердің жетіспеушілігі айтылды. Мектептер мен балабақшаларда тьюторлар саны жеткіліксіз, ал оларды даярлау жүйесі әлсіз дамыған. Сонымен қатар, ҰБТ-ны міндетті түрде тапсыру талабы білім беру ұйымдарына кадр тартуды едәуір қиындатып отыр.

Үндеуде реабилитациялық және коррекциялық орталықтарға арналған ғимараттардың жетіспеуі мәселесіне де ерекше назар аударылған. Мемлекет меншігінде бос тұрған коммуналдық және мемлекеттік ғимараттар жеткілікті бола тұра, үкіметтік емес ұйымдар ғимараттарды нарықтық бағамен, яғни  шаршы метріне 4 000 теңгеден бастап жалдауға мәжбүр. Соның салдарынан балаларды оңалтуға бағытталуы тиіс қаражаттың едәуір бөлігі жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерге жұмсалуда.

Сондай-ақ, 18 жасқа толғаннан кейінгі қолдаудың үзілуі аса күрделі мәселе ретінде аталды. Абилитация және реабилитацияның жеке бағдарламалары аяқталған соң, менталдық бұзылыстары бар жастар балаларға арналған орталықтарға бару құқығынан айырылады, ал ересектерге арналған арнайы бағдарламалар мен жартылай стационарлар елде жеткіліксіз.

Бұдан бөлек, депутаттар арнайы әлеуметтік қызметтерге арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тарифтерінің төмендігін және бұл салада жұмыс істейтін ұйымдарға түсетін салықтық әрі бюрократиялық жүктеменің ауыр екенін атап өткен.

Осыған байланысты депутаттар педагог-ассистенттерге қойылатын талаптарды жеңілдетіп, орта арнаулы білімі бар мамандарға ҰБТ тапсырмай-ақ тьютор болып жұмыс істеуге мүмкіндік беруді, бос тұрған мемлекеттік және коммуналдық ғимараттарды әлеуметтік үкіметтік емес ұйымдарға символикалық бағамен ұзақ мерзімге жалға беруді, арнайы әлеуметтік қызметтер тарифтерін қайта қарауды, сондай-ақ 18 жастан асқан жастарға арналған оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын әзірлеуді ұсынады.