Оқушылардың тағамнан улануының алдын алу мақсатында мектептерде дастархан жаюға тыйым салынған, тек мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіледі- деп хабарлайды Педагог-KZ Казинформға сілтеме жасап.
Елімізде Наурыз мейрамы аясында онкүндік өтіп жатыр. Іс-шаралар тек қоғамдық орындарда ғана емес, мектептер мен балабақшаларда да ұйымдастырылуда. Алайда бірқатар шектеулер енгізілген.
— Мектептерде Наурыз мейрамында дастархан жаюға қатысты шектеу бар екені рас. Бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған талаптарға байланысты. Білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес, сырттан әкелінген тағамдарды жаппай тұтынуға рұқсат етілмейді. Себебі олардың сақталу жағдайына, дайындалу талаптарының сақталуына және сапасына мектеп әкімшілігі толық жауап бере алмайды. Мұндай талаптар балалардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында енгізілген.
Сонымен қатар, мектептерде мерекелік іс-шараларды өткізуге шектеу жоқ. Білім беру ұйымдарында Наурыз мейрамына арналған тәрбие сағаттары, ұлттық дәстүрлерді таныстыру, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар мен көрмелер ұйымдастырылады. Мерекенің мазмұны мен рухын балаларға таныстыру жұмыстары жалғасуда. Басты мақсат — балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, — делінген ақпарат агенттігі келтірген Ақтөбе облысы әкімінің ақпаратында.