Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында ПББ тестін кім тапсыратынын, кім тапсырмайтынын айтып берді, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Еске салсақ, кеше елімізде педагогтардың білімін бағалау (ПББ) тестілеуі алып тасталатыны белгілі болды.
Бүгін министр әлеуметтік желідегі парақшасында осы тақырыпқа қатысты кейбір жайттарды түсіндірген видео жариялады.
«Бұл уақытша тоқтату емес. Енді педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген мұғалімдер пәндік білімді бағалау тестін тапсырмайды, біз бұл тестті алып тастадық», -деді министр.
Дегенмен бұл тесті кейбір педагогтар тапсырады.
«ПББ-ны педагог мамандығына алғаш рет қадам басып жатқан жоғары оқу орындарының түлектері тапсырады, өйткені олардың білім деңгейін бағалау қажет. Тағы кім тапсырады? Жаңа ұстаздар екі жылдан кейін «педагог-модератор» деңгейіне аттестациядан өту кезінде бұл тестті тапсырады. Ал басқа санаттағы педагогтер аттестациядан өту барысында бұл тестті тапсырмайды. Жалпы, ПББ тесті аттестациямен байланысты болмайды», — деп атап өтті Ж. Сүлейменова.
Ал тестті тапсырып, қажетті шекті балл жинап үлгергендердің жайы не болмақ?
«Бұл педагогтер портфолиоларын жинақтап, кезең-кезеңімен қолданыстағы тәртіпке сәйкес аттестациядан өтеді. Аттестациядан өткендері қыркүйек айынан бастап тиісті қосымша үстемеақы ала бастайды», — деді министр.
Сондай-ақ, педагогтердің портфолиосы енді электронды форматта қалыптастырылады. Мұғалімдерге қағаз құжат жинап, қол қойдырудың қажеті болмайды. Қазіргі таңда педагогтерге арналған платформаны жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, яғни барлық процесс цифрлық форматқа көшіріледі.
«Тағы бір мәселе — авторлық бағдарламалар. Бұл мәселе ұзақ уақыт талқыланды. Авторлық бағдарламалар да жойылады. Енді мұндай бағдарламаларды әзірлеудің де, ұсынудың да қажеті жоқ», — деді министр.