Сайт бойынша іздеу

Вице-премьер барлық профильді педагогикалық жоғары оқу орындарында ЖИ факультеттерін ашуды тапсырды

Бөлісу:
ynJajCD4oT.jpg
Фото: primeminister.kz

Астанада Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Педагог-KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, сондай-ақ салалық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, өңірлік білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты.

Отырыс барысында Аида Балаева білім беру – әрбір адам үшін де, қоғам үшін де аса маңызды бағыт екенін атап өтті. Жаңа Конституция жобасында білім саласының мәні айқын көрініс тапқанын жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын айтты. Құжат қауіпсіздік, сапалы білім, денсаулық, отбасы және әлеуметтік қорғау мәселелерін бір жүйеге біріктіреді.

Жиында білім беру саласындағы жетістіктер де сөз болды. Қазақстан халық санына шаққанда оқушылар саны ең көп 10 елдің қатарына енгені айтылды. Сонымен бірге саладағы өзекті мәселелер талқыланды.

Аида Балаева мектепке дейінгі және бастауыш білім беру сапасын арттыруды тапсырды. Оқулықтарды балалардың жас ерекшеліктеріне сай әзірлеу, педагогтердің біліктілігін күшейту қажеттігін атап өтті. Негізгі міндет – оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту және білімді тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру.

Жиында педагогтерді жасанды интеллект технологиялары саласында даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұғалімдерді жүйелі түрде қайта даярлау қажеттігі көтерілді.

Осыған байланысты вице-премьер барлық профильді педагогикалық жоғары оқу орындарында Жасанды интеллект факультеттерін ашуды тапсырды- делінген Үкімет таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды. Қаржыландыру тетіктерін жаңарту, еңбек нарығын жүйелі зерттеу және дуальды оқыту моделін енгізу бойынша шаралар қабылдау жүктелді.

Инклюзивті білім беру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін барлық жағдай жасау, кадр тапшылығын шешу мақсатында бейінді кафедралар ашу, инклюзия бойынша міндетті пәндерді енгізу және педагогтерді қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу тапсырылды.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігіне оқулықтарды іріктеу тәсілдерін қайта қарап, оларды әзірлеу мен сараптау сапасын арттыру міндеттелді. Тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейту қажеттігі де айтылды.

Алқа отырысында Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасап, өткен жылдың қорытындыларын таныстырды және алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттарды айқындады.