Жекеменшік мектептердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласындағы жекеменшік мектептердің құрылтайшылары мен директорларының қатысуымен өткен кездесуде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Педагог-KZ министрліктің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында айтылған бастамаларға сәйкес, алдағы уақытта жаңа жеке мектептер тек оқу орындарына нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылады.
Лицензиялар негізінен үшауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің орнын алмастыру, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдары жетіспейтін аймақтарда беріледі.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама аясында жекеменшік мектеп құрылтайшыларына қойылатын талаптар қатаңдатылады. Олар білім сапасына, педагог кадрлардың біліктілік деңгейіне және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болады.
Мектептерді басқару мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Жекеменшік мектеп директорларын тағайындау тәртібін өзгерту көзделіп отыр. Енді шешімдер тек құрылтайшылардың қалауымен емес, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріле отырып қабылданады.
Қазіргі таңда еліміздегі 785 жеке мектептің құжаттары цифрландырылған. Жалпы Қазақстанда лицензиясы бар 890 жеке мектеп жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруда.