2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматы қаласының мектептері жаңа BilimClass электронды журналына көшеді. Бұл туралы Педагог-KZ Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, BilimClass тегін мобильді қосымшасы бар, серверлері Қазақстан аумағында орналасқан, толықтай қазақстандық сервис.
Әкімдік ақпаратына сай платформаны қазіргі таңда Қазақстанның 11 өңірінде 2,5 миллион оқушы мен 350 мың мұғалім пайдаланады.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, ата-аналарға арналған тегін мобильді қосымшада сабақ кестесі, оқушылардың сабаққа қатысуы, оқу үлгерімі және үй тапсырмалары туралы толық ақпарат қамтылған.
Ата-аналар мен оқушылар BilimClass тегін мобильді қосымшасы арқылы сабақ кестесі, қатысуы, үлгерімі және үй тапсырмалары жөнінде жан-жақты мәлімет ала алады. Ал педагогтар үшін платформада күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, қашықтан сабақ өткізу функциясы, өз сабақтарын қосу мүмкіндігі, интерактивті тапсырмалар, БЖБ/ТЖБ каталогы, чат және оқушылармен кері байланыс құралдары қарастырылған.
"BilimClass жүйесіне көшу оқу үдерісіне кері әсер етпеуі үшін қысқы демалыс кезеңіне арнайы жоспарланған, осы уақыт аралығында мұғалімдер платформамен жұмыс істеуге алдын ала дайындықтан өтті",- делінген ақпаратта.