Биылғы жылдың қорытындысы бойынша білім саласындағы жетістіктері үшін 89 педагогке мемлекеттік сыйақы тағайындалып, әрқайсысына 1000 АЕК көлемінде (3 692 000 теңге) жалпы сомасы 328 588 000 теңге біржолғы сыйақы төленді, - деп хабарлайды Педагог-KZ.
Оның ішінде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері - Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының математика пәні мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова және Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Траисова бар.
Сонымен қатар қайта қалпына келтірілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын биылғы жылы Мемлекет басшысының қолынан 23 педагог алды.
Дәстүрлі республикалық «Үздік педагог» байқауының қорытындысы бойынша 64 педагог жеңімпаз болды.
Бұл шаралар педагогтердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, олардың маңдай тер адал еңбегін әділетті бағалау бағытында «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, соңғы жылдары мұғалімдердің, сондай-ақ балабақша тәрбиешілерінің, колледждерге кәсіпорындардан тартылатын мамандардың еңбекақылары айтарлықтай өсті. Мұғалімдерге академиялық дәрежесіне сәйкес үстемақы төлеу жолға қойылды. Одан басқа халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге де қаржылай сыйақы төлеу дәстүрлі үрдіске айналды.